Отбасы начало великих дел
Денсаулық сақтау жүйесінің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп қана, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігі туындайтыны анық. Бүгінде әлеуметтік жаңғырту түпкілікті өзгерістерді, денсаулық сақтау жүйесінің қайта құрылуын және біздің денсаулығымызға деген өз көзқарасымызды өзгертуімізді де талап етеді. Елімізде заманауи емханалар салынуда, медициналық көмекке бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсуде. Медициналық кадрлардың әлемнің дамыған елдерінде білім алу, біліктілігін жоғарылату мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр.
Біздегі медицина саласының жылдан жылға өркендеп келе жатқан жолында жетістіктер де байқалады, және бас ауыртатын мәселелер де жеткілікті. Бұл орайда жасанды түсіктер, бедеулік мәселесіне тоқталып кету керек.
Бедеулік репродуктивті жастағы отбасылардың 15-16 пайызында кездеседі, азаяр емес, және бұл мәселемен кездескен әйелдердің 75 пайызына жуығы аборт жасағандар.
Халқымыздың көпшілігі өз денсаулығына байланысты сауатының төмендігі, ортақ жауапкершілігінің жоқтығы, профилактикалық тексеруден түгел өтпеу мәселелері орын алуда. Қатты асқынған жағдайларда ең заманауи медицина да өмірді сақтап қала алмайды, бедеуліктің асқынған түрлерін де емдей алмайды.
Бедеулікті емдеу көрсеткіштеріне әсер ететін басты мәселелер – әйелдер мен ерлердің денсаулық индексінің төмен көрсеткіші, кадрлар біліктілігі деңгейінің төмендігі және әлеуметтік мәселелер. Көбінесе олар әртүрлі қабыну ауруларымен, әйелдер сонымен қатар қан аздық тағы басқа созылмалы аурулармен ауырады.
Сүт бездері, жатыр мойны онкологиялық аурулары да елімізде азаяр емес, осы орайда ерте диагностика жасау өте маңызды. Осы мәселеге байланысты мемлекетімізден көлемді қаражат бөлініп, профилактика ретінде толығынан тегін тексеруден өту мүмкіндіктері кеңінен қарастырылған, бірақ оған әйелдердің өздері мән беріп, дер кезінде қарала бермейді.
Бедеулік мәселесіне келсек, әрбір 5-6-шы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кездеседі. Көбісі 10-15 жыл бойы емделіп, көп уақыт жоғалтады, жұбайлардың жасы ұлғаяды, сол себептен емнің нәтижелілігі күрт төмендейді. Алайда сауатты ем қолданған жағдайда, бұл мерзімді 5-6 есе азайтуға болар еді. Қазіргі заманда әлеуметтік бедеулік деген жаңа ұғым бар. Жастар уақытында отбасы құрмай, немесе отбасы құрса да, ұрпақты болуға жаратылыстың берген мүмкіндіктерін мезгілінде ие болмай, ата-ана болуды 30 жастан кейінге шегереді. Осының бәрі қолдан тапқан бедеулікке алып барады да, кейін емдеуге көп жылдар, көп қаражат кетеді. Ем қол жетімді емес деп, емдеуге мемлекет жауапты деп, көпшілігі өкіметке ренжіп отырады. Амал жоқ, соның нәтижесінде жоғарғы қосалқы репродуктивтік технологияларға жүгінуге тура келеді. Оның да нәтижелілігі тікелей жұбайлардың жасына байланысты күрт төмендейді. Жоғарғы медициналық технология – денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін қажет ететін отбасыларға квота саны жетіспейді, себебі бұл технология дүние жүзінде қымбат. Бір әйелге бір рет ДТҰ бағдарламасымен ем өту үшін 1 квотаға орта шамамен 800 мың теңгедей мемлекеттен қаражат бөлінеді, бірақ бір бағдарламаға ол жете бермейді, өйткені 400-600 мың теңгедейі тек дәріге жұмсалуы мүмкін. Оның үстіне, бұл әдісте қолданылатын барлық құрал-саймандар, жабдықтар тек шет елде атақты фирмаларда ғана шығарылады, яғни біздің елге тек валютаға алынады. Және қолданылатын шетелдік дәрілердің бағасы да тым жоғары. Бірақ бұл дәрілердің бағасы көрші Ресейде әлі де бізге қарағанда анағұрлым төмен, өйткені олар девальвацияға қарамай, арнайы баға саясатын ұстап отыр.
Бедеулік мәселесімен айналысатын жоғары дәрежелі мамандар саны әлі де көп емес, бедеулікті анықтап, емдейтін арнайы бөлімдер мен орталықтар региондарда жоқтың қасы. Арнайы орталықтар көбінесе Астана, Алматыда және кейбір ірі қалаларда ғана орналасқан.
Біз өз тарапымыздан региондарда бедеулікті барлық заманауи әдістермен емдеуді халыққа қол жетімді ету үшін Алматы, Астана қаласынан басқа Шымкент, Атырау, Ақтау, Тараз қалаларында орталықтар аштық, мамандар дайындадық. Соның арқасында жергілікті ел емді сол тұрғылықты жерінде, алысқа бармай алатын болды. Бедеуліктің өте қиын түрлерінде бұрын Астана, Алматы орталықтарына 1 айға баратын болса, енді осы орталықтардың арқасында 4-5 күнге ғана барады немесе толықтай емді сол жергілікті орталықтарда алады.
Еркектердің бедеулігі де жылдан жылға бүкіл дүниеде де, соның ішінде елімізде де өсуде, соңғы 30 жылдың ішінде 2-3 есеге аталық ұрықтың саны да, сапасы да төмендеген. Білікті андролог мамандар көбінесе үлкен қалаларда орналасқан. Жергілікті андролог дәрігерлер әлі де аз, және бедеулікті дұрыс анықтап, емдеуге заманауи біліктілігі кейбір жағдайда жете бермейді.
Жалпы еліміз бойынша аборт көрсеткіші әлі де жоғары. 2014 жылы 83 709, 2015 жылы 81 440 түсік жасалған. Елімізде бала туатын жастағы әйелдердің 38%-ы ғана контрацептивтер қолданады және бұл көрсеткіш соңғы 5 жылда өспеген. Аборт жасауға әсер ететін факторлар қатарына халықты ақпараттандырудың, отбасы жоспарлау мәселесі бойынша сауаттылығының төмендігі, контрацептивтерге қолжетімділіктің төмендігі және бағаларының жоғары болуы жатады.
Жасөспірімдер мәселесі тіпті ерекше. Республика бойынша 2014 жылы 15-18 жастағы жасөспірімдер арасында 1,5 мың аборт жасау орын алды (2010ж. – 3,3 мың). Мұндай көрсеткіштердің орын алуы жалпы денсаулық, рухани-жыныстық мәселелер бойынша сауатты тәрбиелеудің жетіспеушілігінен немесе мүлдем жоқтығынан болуы мүмкін.
Жоғарыда атап өткен мәселелерге байланысты шешу жолдарын қарастыру қажет. Өзінің денсаулығына ортақ жауапкершілігі, отбасын жоспарлау және ұрпақ өрбіту мәселелеріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың сауаттылық деңгейін жүйелі түрде көтеру керек.
Жаппай консультациялық медициналық көмек көрсетуді, әсіресе шалғай ауыл-аймақтарда жылжымалы медициналық кешендер қарастырылып профилактикалық тексерулер ұйымдастыру кеңінен қолданған жөн деп ойлаймыз.
Балабақшадан бастап мектептерде 1-11-ші сыныптар аралығында «Денсаулық сабағы» – арнайы білім беретін бағдарламасын енгізу туралы 2015 жылы қараша айында Астана қаласында өткен «15-19 жастағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулық мәселелері жайында хабардарлығын арттыру үшін Қазақстанда адамгершілік-жыныстық білім беруді енгізу жолдары» атты ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық Комиссияның БҰҰ тұрғын халық саласындағы қорымен (ЮНФПА) бірлесіп өткізген конференциясында Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасалған еді.
Отбасын жоспарлау және бедеулікті анықтау мен емдеумен айналысатын орталықтар ұйымдастыру, гинеколог-репродуктолог, андролог мамандардың заманауи біліктілігін жүйелі түрде жоғарылату керектігі - заманның талабы. Бедеулікті емдеудің заманауи алгоритмін жаппай жергілікті гинеколог дәрігерлерге қадағалап енгізуді қолға алса, көптеген отбасылар жоғарғы технологияға жетпей-ақ сәбилі болар еді.
Медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру үнемі талқыланып жүрген, бірақ әлі де толық шешімін таба алмаған мәселе. Жүрек қалауымен дәрігер мамандығын таңдап, оқуға 10 жыл өмірін, жігер-қайратын арнап, көз-майын тамызып, инемен құдық қазғандай білімін шыңдаған маманға берілетін аз еңбекақы көптеген жастардың көңілін суытады. Өткенде Ақтауға барған іссапарымызда дәрігер тапшылығын қатты байқадық. Сол жақтың бірнеше бас дәрігерлері бізбен бірге ұшақпен ұшқанда әңгімелесіп, олардың дәрігер іздеп Қарағанды, Алматы, Астана, Ақтөбе медициналық университеттерінде биыл резидентура бітіріп жатқан мамандарын елімізге келіңіздер деп шақыруға бара жатқанын білдік. Сондай дәрігер тапшылығын байқап, жағамызды ұстадық. Бұл мәселенің бір ұшы қазіргі уақытта ел ішінде қалыптасқан, БАҚ арқылы бас-аяғын білмей жатып дәрігерлерді кінәлау, дәрігерлерге деген сенімсіздікті тудыратын материалдардың көптеп жарық көруі бұл мамандыққа жастардың баруына ынтасын жоюға өз үлесін қосуда. Бір таң қалатын жәйт - тек айыптау жағы жазылады, ал неге біз көптеген үздік мысалдарды көрсетіп, өлім халінен аман алып қалған, қаншама адами, кәсіби ерлік көрсеткен дәрігерлерді марапаттамаймыз. Өткенде ел танитын бірнеше азаматтардың жол апатынан, басқа да қиын жарақаттардан аман қалып, жазылып кеткенін естіп, оқып жатырмыз. Бірақ солардың біреуінде де дәрігерлердің жанкешті еңбегі туралы айтылмайды, тура өздерінен өздері аман қалғандай, тіптен не өздері бір алғысын айтқанын естімейсің, не бір елдің жазған комментарийінен медицина қызметкерлеріне деген жылы сөз де көрмей таң қаласың. Әрине, адамдардың да, дәрігерлердің де бәрі бірдей емес. Дегенмен, адамның өміріне арашашы болған, денсаулығына улкен көмек көрсеткен игі мысалдарды да ұмытпаған жөн деп ойлаймыз. Бірер жыл бұрын Америкада болғанымызда бір әйелден: «Ұлыңыз кім болып істейді?»- деп сұрағанымызда, ол кеудесі тола шаттанып, ерекше мақтанышпен: «Менің ұлым- Дәрігер!»- деп айтқанын естігенде, бұл мамандықтың ол елде керемет құрметті екенін байқадық. Сондықтан біз үздік оқып жатқан жастарды дәрігер мамандығына ынталандыруымыз өте қажет.
Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасыларға тегін және қол жетімді бедеулікті емдеу мүмкіндіктерін қарастыру қажет, осы орайда жақында елімізде қолға алынып жатқан міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін толық енгізгеннен кейін мүмкін болады деп ойлаймыз. Осындай жүйені бірнеше жыл бұрын енгізген Ресейде әрбір ДТҰға мұқтаж отбасы мемлекеттік және жергілікті қаржыландыру арқылы жылына 1-2 рет осы әдіспен емделуге мүмкіндігі бар. Бұл бағдарламаны Қазақстанда енгізгеннің нәтижесінде біздің елімізде де бедеулікті белсенді емдеу мүмкіндігі артып, халық саны едәуір көбейеді деген үлкен үмітіміз бар.
Салтанат Берденқызы Байқошқарова
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі,
«Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникаларының Ғылыми директоры,
Биология ғылымдарының докторы
Мы напишем вам о самом важном в Otbasym