KZ RU

НОВЫЙ НОМЕР

ЧИТАТЬ

×
×
Выделенный текст:
×

Отбасы начало великих дел

Мөлдір Мұқанова: «Берекесі бар үйде бақыт та, байлық та, махаббат та болады»

Мен ақ көйлектен гөрі ақ орамал тағып, ақ шұлық, әдемі халат киіп жүрген келіннің образын ұнататын едім
Мерейлі отбасы
2018-03-07

– Тұрсынбектей жарқыраған азамат Мөлдір есімді қамалды оңайлықпен ала алмағаны рас па?

– Тұрсекеңмен біз үш рет танысыппыз. Бірақ үшінші рет танысқанда ғана есімде қалыпты. Мен Аграрлық университетте оқыдым, ал Тұрсынбек сол жерде "Аграрка сарбаздары" КВН командасының жетекшісі болатын. Мені сыртымнан ұнататынын курстас досымнан естігенімде,"Ой, жоқ! Ол маған ұнамайды. Үміттенбей-ақ қойсын" дегенім рас енді. Бірақ бір өнерде жүргесін жолымыз қиыннан қиыса берді. Бір әдемі ән кешінде сахнаның сыртында ол менімен өзі келіп танысты. Содан кейін дос болып араласып кеттік те, достығымыз ары қарай махаббатқа, махаббатымыз ары қарай отбасына айналды. Өнер адамы романтик болады ғой. Сондай романтикалық жағдай жасауымен, әзіл қалжыңымен, өзін еркін ұстауымен, ортада жарқырап отыруымен мені баурап алды десем де болады.

– Ол сізге ұсыныс жасағанда бірден келістіңіз бе?

– Біздің дос болып араласқанымыздан бастап, осы күнге дейінгі барлық маңызды күндеріміз ресми аталып өтіледі. Осының өзі де нағыз романтика деп санаймын. Ол маған үйленейік деп ұсыныс жасаған кезде, мен қыз болғасын ойланайын дедім. Ол да сол жауабымды сабырмен күтті. Бірақ сарғайып күтуі бекер болмады, себебі мен келістім.

– Сіздердің үйлену тойында біраз қызықтар болды дейді ғой?

– Болғанда қандай... Мен ақ көйлектен гөрі ақ орамал тағып, ақ шұлық, әдемі халат киіп жүрген келіннің образын ұнататын едім. Сосын бала күнімнен бастап мен үшін тойдың ең маңызды сәті қызылды жасылды лента байлаған алдына қуыршақ отырғызған ақ машинамен келінді алып келетін кезі болатын. Ауылдық жерде тойға елдер малын жайғастырып, балаларын ұйықтатып, шаруасын бітіріп келгенше той түнде басталады емес пе? Ол кезде жағдай да керемет емес. Қазіргідей лимузиндермен жүру – арман. Тойымыз ауылдың клубында болды. Бір туысымыздың қара "волгасымен" мені алып келе жатқанда, қырсық болғандай көліктің шамы жанбай, дабылы қосылмай қалды. Сөйтіп біз қап-қараңғы түнде қап-қара машинамен тойға үндеместен кіріп келдік. Біздің келгенімізді жиналған жұрт білмей қалып, біраз абдырап қалғаны бар. Тағы бір қызық, ауылды жерде тойға мектептен парталар сұрап алып қояды екен. Біздің той болатын кезде қатарынан төрт үйде келін түсіп жатқан соң бізге парта жетпей қалды. Сөйтіп біз парта кезегі жеткенше тойымызды төрт күн күткенбіз. Қазір соны есімізге алып, бір күліп аламыз.

– Бір-біріңізге бірден үйренісіп кеттіңіздер ме, әлде біраз жатырқап жүрдіңіздер ме?

– Бірден үйреніп кеттік деп айта алмаймын. Бас кезінде аздап жатырқап жүрдік. Мінезіміз кейде келіспей қалып, түсініспеушілік те болды. Жолдасым да әйелді тыңдамаймын деген сыңай танытып отырды. Мен болсам, сабақтан кейін құрбы-құрдастарым қыдырып кеткенде келіншек болып үйге кететініме, үй шаруасына батып кететініме, ер азаматтың жағдайын жасап, соның қас-қабағына қарау керектігіне кейде көңілім түсіп кететін. Бірақ одан жаман болған жоқпын, қайта тез есейіп, тез ширадым. Жүре бара басты байлық та, бақыт та осы отбасы екенін түсініп, тағдырыма риза болдым.

– Тұрсынбек тұңғышының есімін "Астана"деп қоймақшы болыпты ғой?

– Ешкімде жоқ есім, қайталанбайды, оның үстіне Астанада кездесіп, өсіп-өнгесін сондай лирикаға беріліп кетсе керек, үлкен қызымыздың есімін Тұрсынбек шынымен де "Астана"деп қоймақшы болған. Бірақ қыз балаға келмейтін сияқты көрінгесін ойлана келе сабасына түсіп, "Әдемі" деп қойды.

– Бала тәрбиесінде кім белсенді?

– Жалпы бала тәрбиесінде екеуміз де белсендіміз. Тұрсекең соңғы кездері қолы босай бастағасын, бала тәрбиесіне зор мән беріп жүр. Мен ана ретінде баптап жатсам, әкесі балаларының жанжақты тұлға болуына көп көңіл бөледі. Ойыншықтың өзін жауапкершілікпен таңдап, балаларға сыйлау сәтін үлкен мерекеге айналдырып жібереді. Әрине, баланың есінде қалатыны сол ғой. Біз балалармен доспыз. Кез-келген тақырыпта ашық сөйлесеміз. Үйде көңілді атмосфера қалыптастыруға тырысамыз. Ата-ана екенбіз деп әр нәрседен шектей бермейміз, бетінен қақпаймыз. Қысқасы, балаларымыз еркін өсіп келеді деуге болады.

– "Ақша кімде билік сол адамда" деген сөз бар. Тұрсынбектің монологтарына сенсек, үйді Сіз басқаратын сияқтысыз ғой?

– Ақшаны кім табады, билік сол адамда дер едім. Әрине, біздің үйдің бастығы – ол Тұрсекең. Ол кісінің монологтарындағы "сүйкімсіз келін", "долы келіншек" ,"ұрысқақ әйел" ол мен емес. Олай болса, бәрі басқаша болар еді ғой. Сіз айтып отырған образдардың көбісі басқа адамдардың өмірінен алынған. Әрине, менің де образым кей жерлерде бар. Бірақ ол көбінесе, қазақтың қарапайым келіншегі, бір әулетті айрандай ұйытып отырған қатардағы әйел бейнесі.

– Қайын жұртқа тез сіңіп кете алдыңыз ба?

– Мен о баста келін болып түскенде-ақ өзіме серт, жолдасыма уәде бергенмін. Қайын жұртымды өз туыстарымдай көремін деп. Сол райымнан еш қайтқан емеспін. Сол үйдің қызындай болып сіңіп кеттім. Екі бөтен адам қосылып, бір отбасына айналған соң, туыстай болып кетеді. Қыз баланың мәңгілік үйі – барған жері. Өз басым көзімді ашқаннан Тұрсынбекпен өмір сүретін сияқтымын. Оны өмір бойы білетін сияқтымын. Қайын сіңлілерім өз сіңлілерімдей жақын. Мені жеңге немесе келін деп емес, өз бауырындай көреді. Әрине, ол да менің бағым шығар.

– Күнделікті тұрмыста, үй шаруасында, бала бағуда көмекшіңіз бар ма?

- Бізде бала күтушісі, үй күтушісі деген болмайды. Үй шаруасы да, бала-шаға да өзімнің мойнымда. Жұмыс кестесі өзіме ыңғайлы болғасын, бәріне үлгеріп жатырмын. Үлкенімнің өзі қолқанат болып қалды. Оның үстіне қазақ отбасыларына тән жағдай, бізбен туысқан сіңлілеріміз тұрады. Олардың да қолғабысы бар. Дүкенге, базарға да өзім барамын. Мінетін көлік болса, ақша болса, неге бармасқа? Қасыма көбінесе үлкен қызымызды ертіп аламын да бара беремін. Қысқасы, тұрмыстық мәселелерде қиналмайтын келіншекпін. Оның бәрі менің тікелей міндетім деп түсінгесін, несіне қиналамын?!

– Балаларыңыз танымал әкенің перзенттері болғанын мақтан тұтатын шығар?

– Өзімізге білінбейді, бірақ мұғалімдерінің айтуына қарағанда, балалар өздерін өте қарапайым ұстайды екен. "Атақты әкенің баласы екенбіз" деп тасымайды. Қатарының арасында қарапайым балалар болып өсіп келеді. Енді бала – отбасының айнасы дейді ғой. Өзіміз қарапайым болғасын, олар қайда барады? Олар да біздің кішкентай кішіпейіл әрі қарапайым көшірмеміз дер едім.

– Балаларыңыз қандай мамандықты таңдағанын қалайсыздар?

– Біз бірінші баланың ойын тыңдап, сосын таңдау еркін өздеріне қалдырамыз. Біз шамамыз келгенше әртүрлі үйірмелерге қатыстырып, олардың көзін ашып, көбірек ақпарат беруге тырысамыз. Ал шешімді өздері қабылдасын дейміз. Бастысы, бала жүрегіндегі мамандықты таңдаса екен деп ойлаймыз.

– Шаңырақты шаттыққа бөлейтін не деп ойлайсыз?

– Шаңырақты шаттыққа бөлейтін ол ата-ана арасындағы кіршіксіз таза, пәк махаббат. Ата-анасының жүректері тыныш болса, өздері бақытты жұп болса, балалары да бақытты. Берекесі бар үйде бақыт та, байлық та, махаббат та болады. "Отбасы – ол әр адамның басты байлығы" деп түсінетін шаңырақ шаттыққа бөленетіні сөзсіз.

Мы напишем вам о самом важном в Otbasym