KZ RU

НОВЫЙ НОМЕР

ЧИТАТЬ

×
×
Выделенный текст:
×

Отбасы начало великих дел

Тендік саясатының тамыры тереңде жатыр

Дала дәстүрінде ер адам мен әйелдер арасындағы теңдік ежелден қалыптасқан. Оған сонау есте жоқ ескі заманда «ұлдарыңды құл, қыздарыңды күң» етемін деп ел шетіне ат ойнатып келген парсы патшасының басын алған Тұмар ханымнан (Тамирис) бастап мысалдар жетерлік.
Культура
2017-11-13

Осы сақ, массагеттердің бүгінгі ұрпағы қазақ елі аналарын ерекше ардақтап, қыздарын алақанына салып аялаған. Есік алдынан қыз бала өтіп бара жатса оны дастарған басына шақырып, төрге отырғызып әлпештеген. Өйткені періштедей қызбен бірге  бақ-береке еріп  келеді, ол жүрген жерде ырыс қоса жүреді деген ұлағаты зор ұғым болған.

Сөз реті келгенде айта кетелік, қыз-келіншектердің үстіндегі киімдері мен түрлі әшекейлерінің де өз мән-мағынасы болған. Мәселен, олардың бұрымына тағылатын шолпысын алайықшы. Ол, біріншіден, кеудесін асқақ, басын биік көтеріп жүруге сеп болатын салмақты зат. Екіншіден, олар сылдырлап «мен келе жатырмын» деген белгі береді. Сол кезде ер-азаматтар бейпіл сөздерден дереу тиылып, тіпті отырыстарының өзін дұрыстап ала қоятын болған.

Осыған лайық дала сұлулары да ер адамдармен бірге еркін өскен. Олар өздерін алақандарына салып аялап өсірген туған жері мен өскен елін ерекше сүйіп қадірлеген. Сондықтан да дауға түсіп көсем болған, жауға шауып батыр болған аруларымыз ежелден баршылық.

Тым алысқа бармай-ақ, кіші жүздің ханы Әбілхайырдың жұбайы Бопай ханымды алайықшы. Бопай  ханның тек  әйелі және хан тағының мұрагерлері есімі елге белгілі Нұралы, Ералы мен Айшуақ сұлтандардың  анасы ғана болып қалмаған,  ол алмағайып кезде алаң көңілмен өмір сүрген ханның тығырыққа тірелгенде - таянышы, сүрінгенде сүйеніші бола білген.  Ресей патшайымы Анна Иоановнадан Тевкелев мырза бастаған елшілік келгенде де оны дала дипломатиясының барлық дәстүрлерімен қарсы алған да осы Бопай. Орыс протекторатын қабылдау жөніндегі сол жолы жасалған келісімге өз мөрін басып, алғашқылардың бірі болып қол қойған да осы ханым.

Ал кейін Әбілхайыр хан қаза болғаннан кейін 32 жыл бойына  ол өзін нағыз қайраткер ретінде көрсете білді. Тіпті орыс империясының алдына «Әкесінің ісін баласы жалғастырмаса  Ресеймен барлық дипломатиялық байланыстар тоқтатылады» деген үзілді- кесілді талап қойды. Ақыры Ресей императоры Елизавета Петровнаның арнайы жарлығымен Бопайдың ұлы Нұралы хан болып тағайындалды. Өзінің бүкіл саналы ғұмырында өзін ел үшін еңбек еткен нағыз мемлекет қайраткері ретінде көрсете білген Бопай ханымның есімі ел жадынан өшкен емес.

Ал қазақ әйелдерінің жауынгерлігіне келсек оған Бопай есімді тағы бір дала аруы жарқын мысал болмақ. Ол халқы үшін қан кешіп, ақыры азаттық жолында опат болған атақты Кенасарының туған қарындасы. Ағасы азаттық жолында атқа қонғанда ол да отбасы ошақ қасында қарап жата алмаған.

Өз жүрек қалауымен Сәмеке деген жігітпен тұрмыс құрған ол алты ұлдың анасы атанды. Ағасы бастаған азаттық жолындағы айқас басталғанда күйеуі мен оның туыстары оны қолдамады, алайда Бопай оларды тастап арыстандай-арыстандай алты ұлын бастап тайсалмастан майданға кірді.  Содан он жыл бойы ерлерше ел үшін етігімен қан кешіп, аты ауыздығымен су ішіп,  қан майданның ішінде болды. Ол тек қана әйелдерден тұратын жасақ құрған. Саяси жер аударылған белгілі поляк азаматы Адольф Янушкевич кезінде: «Кенесары 1500 сарбаздан және 500 қыздан өлідей айрылды. Оның әскерінің құрамында еркекше киінген әйелдер мен қыздар болған» деп жазыпты. Бұл жоғарыдағы сөзіміздің бір дәлелі болса керек.

«Бопайдың қасында оған шексіз берілген оның өзі сияқты батыр да батыл Арғын Алтыншаш пен Табын Ақбөкен сияқты қыздар болды» деп жазады білгір де білімді ағамыз С.Ақтаев. Кенесары оңтүстікке келгенде Бопай алым-салық жинайтын сарбаздар тобын бастап, өз қатарын Жетісудың қахарман қыздарымен  толықтырады. Сөйтіп Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қазақ арулары да қатысып, ерлерше айқаса білген. Осы арада 1986 жылғы халқымыздың азаттық жолындағы ақтық айқасында ұлдарды ертіп ұрандап атойлап алаңға шыққан ауруларымыз еріксіз еске түседі.

Осындай ардақты аруларының атын елде есінен шығармай, ардақтап отырған. Мысалы, белді рулардың бірі қаракесектер жауға «Қарқабаттап» шауып, анасының атын айтып ұрандайды екен. Сол сияқты Қарқаралы жағында Айбике, Нұрбике болыстары болған. Бұлар сол елдердің аналарының есімдері. Бүкіл бір рулы елге ана болған Домалақ ене немесе аты ел атымен қосақталып аталатын Қызай аналардың есімдері елмен қоса жасайтыны аны.   Міне, біз ежелден анамызды айрықша ардақ тұтқан қайырымы мен қасиеті бірдей келіскен халықпыз.

Тамыры тереңнен тартылған қазақ қыздарының ерлік рухы мен өр мінезі бәсеңсімеген қалпы Ұлы Отан соғысында өз жалғасын тапқаны көпке аян. Кеудесіне қахармандық жұлдызын қадаған шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүкті былай қойғанда, ел басына күн туғанда қолына қару алған аруларымыз қаншама. Олар ұшқыш та, танкист те, атқыш та, мерген де, тіпті барлаушы да болды. Бүгінгі күні жау тылында партизан болған қыздарымыздың да есемдері елге мәлім болып жатыр.

…Небары 19 жасар қаршадай қазақ қызы тастай қараңғы түнде Белорусияның ну орманына парашютпен түсіп келеді. Әлденеден секем алған фашистер қараңғы түн қойнауын прожектормен тілгілеп, қарауылына ілінген қарғаға дейін қағып түсіріп жатыр. Солардың қолына түсіп, оғына ілінбес үшін бұл ауытқып барып, діттеген жерінен әденеше шақырым қиыс барып қонады. Содан үш күн адасып жүріп партизан отрядын әрең табады. Бұл  Беларус майданының 8-ші партизандар бригадасының радискасы Нұрғаным Байсеитова басынан кешкен жағыдай. Ол жау тылындағы өзінің ерлік шежіресін абыроймен аяқтап, кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін тағады.

«Сәлеметсіз бе, Нина!,- деп хат жазады кейін оған осы 8-ші партизандар бригадасының командира Сергей Жунин,- Тегі, қазір сіз ана болған шығарсыз. Сізді осылай атағнымның өзі ыңғайсыз сияқты. Бірақ мен сізді осылай атай берейін, өйткені сол бір кездерде сіз менің өз қызымдай болдыңыз»  Иә, өзінің өрлігімене де, ерлігімен де алыстағы белорус азаматтарын табындыра білген қаршадай қазақ қызына қалай бас имейсіз. Бұл да елдігіміздің ерлік дәстүрінің ерен белгісі.

Айтпақшы, Нұрғаным соғысты аяқтап, елге оралған соң Сәти деген азаматпен бас қосып, екеуі 3 ұл, 5 қыз және олардан 15 немере сүйеді. Нұрғанымның өзі бұрын скрипкашы  болуды таңдаған еді. Амал не, ол таңдауын соғыс тас-талқан етті. Кейін үлкен немересі Индира айтулы скрипкашы болады. Нұрғаным  апамыздың арманы осылай орындалды.

Соғысқа қатысқан қыз-келіншектердің ерлік ісі бұл бір үлкен тарих. Жоғарыда келтіргеніміз соның бір мысалы ғана. Бұл ретте «Арулар отты жылдарда» деген арнайы зерттеу кітабын құрастырған арқалы ақын апамыз Фаризаның еңбегін ерекше атай кеткіміз келеді.

Тамырын тереңнен тартқан әйелдер теңдігі мәселесі тәуелсіздік таңы атқаннан бергі 25 жыл ішінде түбегейлі шешілу жолына түсті деп батыл айта аламыз. Бұл мәселенің түйінін тарқатуды Елбасымыз ел тізгіні өз қолымызға тигелі бері назырынан тыс қалдырған емес.

Осындай аналарымыз аңсап кеткен азаттықтың ақ таңы атқаннан кейінгі біздің мемлекетіміздің әйелдерге деген саясаты ұлтымыздың ұлағаты салт-дәстүрлеріне қарай жасалды. Ал мұның басында еліміздің Тұңғыш Президентінің тұрғаны әмбеге аян.

Бар берекенің бастауы  Ата Заңымыз десек, оның 27-бабында «неке мен отбасы, ана, әке мен балалар мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Ал осылардың қамсыз, қайғысыз өмірі үшін бірінші кезектегі қажеттіліктер тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың еңбекпен қамтылуы сияқты түйінді мәселелер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Бұлар туралы тапсырмалар Президентіміздің жыл сайынғы халыққа жолдауларында да айтылып, арнайы қабылданған заң актілері мен басқа да ұйымдық шаралар арқылы өз шешімін тауып келеді. Әйелдердің конституциялық құқықтарының ең сенімді кепілі  ол- Президенттің өзі болып табылады.

Бұл ретте 2002 жылы қабылданған  Гендерлік саясат тұжырымдамасының ролі аса зор болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен  2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдіктің даму стратегиясы бекітілді.   Одан кейін қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары  мен тең мүмкіндіктеріне мемлекеттік кепілдік туралы» және «Тұрмыстық күш көрсетудің алдын алу туралы» заңдардың мәні мен маңызы зор екенін атап айтар едік.

Демек, әйелдер үшін елімізде құқықтық қорған берік те бекем орнатылған деп ауыз толтырып айтуымызға әбден болады. Әрине, өмір ағысы бір сәт те тоқтамайды, Оларды жыл өткен сайын жетілдіре беру заңды құбылыс. Бұл ретте халқымыздың ардақты қыздарының бірі Гүлшара Әбдіхалықова басқарған Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның атқарып отырған істері атап айтуға тұрарлық. 1995 жылы құрылған бұл ұйым да Тұңғыш Президентіміздің халық тамырына қан жүгіртіп отырған   перзенттерінің бірі.

Елбасымыздың осындай сара саясатының арқасында гендерлік теңдік елімізде жақсы қалыптасып келеді. Мемлекетіміздің саяси және экономикалық салаларында әйелдердің алатын орны барған сайын нығайып келе жатқаны соның айқын айғағы.

Мәселен, Парламент Мәжілісінің құрамындағы әйел-депутаттар 27,1 пайызды құрайды. Бұл ЕҚЫҰ кеңістігіндегі орташа көрсеткіштен артық. Барлық деңгейлі маслихаттардағы әйел-депутаттардың саны таңдаулылардың ортақ санының 22,2 пайызын құрайды.

Ал кәсіпкерлікпен шұғылданатындардың 50 пайыздан астамы әйелдер және біздің елімізде ішкі жалпы өнімнің 40 пайыздан астамы әйелдердің үлесінде.

Қазір Қазақстан гендерлік теңдік бойынша алғашқы елу елдің ішінде тұруы Елбасымыз белгілеп берген теңдік стратегиясының және ең алдымен тәуелсіздігіміздің игі жемісі  болса керек.

Осы стратегияның басы-қасында Айткүл Самақова, Нина Каюпова, Светлана Жалмағанбетова сияқты ардақты әпкелеріміз тұрғандығын біз әрдайым мақтан тұтамыз.

Осы биыл ғана арамыздан ертерек кеткен мемлекет және қоғам қайраткері, республикамыздың Денсаулық министрі болған Салидат Зекенқызы Қайырбекованы ерекше атап айтқым келеді. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастыққа қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Салидат Зекенқызының өмір жолы көпке –үлгі, жастарға өнеге болды.

Ал халқымыздың тағы бір қайраткер қызы - Зәуре Жүсіпқызы Қадырова. Қызметінің алғашқы жылдары мен туып өскен Жақсы ауданында мектеп директоры  болып істеген ол кісі біздің отбасымызбен қатты араласып, менің асыл анам, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі Сәруар Жәкежанқызымен жақын құрбы болды. Негізінде бұл әйел менің анаммен бірге жас Жақсы ауданы тұрғындарының тәрбиелеушісі болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы, кейін министр, одан соң көп жылдар депутат болған Зәуре Жүсіпқызы бүкіл халқымыздың алғысына бөленген биік парасат иесі.

Қоғамдық қызметім жағынан еліміздің ардақты қыздарының бірі Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықовамен жиі кездесуге тура келеді. Кездескен сайын ол кісінің ғаламат еңбекқорлығы мен айрықша парасаттылығына таңқалумен боламын. Халқымыздың «ақылына көркі сай» деген әйелдерге беретін айрықша бағасы осы кісіге қаратылып айтылғандай. Ол  біздің еліміздегі әйел теңдігін, қыз-келіншектердің қоғамымыздағы жоғары орнын елімізге де, одан тыс жерлерге де паш етіп жүрген үлкен тұлға десем жаңылыспаспын.

Осы аталған қайраткер әйелдердің бәрі тәуелсіз  еліміздің шаңырағы биіктеп, еңсесін тез көтеруіне ер адамдамдардан ешбір қалыспай ерекше еңбегі сіңген асыл жандар.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Туған елім – тірегім» атты кітабында : «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Әйел бесік иесі. Демек әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді. Бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген екен.

Әйелдердің қоғамымызда алатын орны жөнінде бұдан артық айту мүмкін емес.

Мы напишем вам о самом важном в Otbasym